Фильмнің басында Света есімді бойжеткен Ресейден Қазақстанның бас қаласы Астанаға, әжесі Светлана Васильеваның соңғы «аманатын» арқалап келеді. Ол аманатта, сонау қылышынан қан тамған сұрапыл қызыл «террор» жылдары (1937-1953ж.ж.) «АЛЖИР» (Акмолинский лагерь жен изменников родины) лагері тұтқыны болған, оның анасы Екатерина және әжесі Светлана Райкинахты аштық пен ажалдан, және тағы басқа көптеген қиындықтан қорықпай аман алып қалған Әлихан Сейдахметов деген сол кездегі «АЛЖИР» лагерінде қатардағы жауынгерлік қызметін атқарған қазақ жігітін табу еді. Света әжесінің күнделігіне жүгіне отырып, бұрынғы «АЛЖИР» лагері маңындағы көптеген ауылдың бірінен, сол кісіні іздеп табады. Ол, бүгінгі күні жасы тоқсаннан асқан ауыл ақсақалы. Света мен қарт Әлихан екеуі бүкіл фильм бойы, азапта өткен сонау сұрапыл жылдарды еске алып, қайта бастан кешеді.
Бұл фильмде, Сарыарқа даласында бүкіл ҚСРО мемлекетінен келген халық жаулары аталған ел жайсаңдарының жұбайлары мен балаларының «АЛЖИР» лагерінде ажалмен арпалысып өткен өмірі мен тауқыметі, тағдыры баяндалады.
Көптеген күндер «сталиндік» поездбен жол жүріп, күздің қара суығында Ақмола жеріне келіп,шағын темір жол торабынан ит жетектеген солдаттардың айдауы мен, екі қатар темір тормен қоршалған лагерге келгенде -басына шляпа, аяғына туфли киген әйелдердің зәресі көкке ұшады. Өйткені, ол лагердің басшысы НКВД майоры Головановтың лагерде орнатқан қатаң тәртәбі шектен тыс еді. Ол, лагерге келген тұтқындарды бірінші күннен бастап ұрып-соғып, қорлап-зорлап, тәртіпке бағындырды. Ал бағынбай көнбейді екен, лагердің ерекше «режимін» бұзғандарды, азаптың сан түрінен өткізіп, «зынданға» тастап ауыр жазалады. Зынданнан шыққандардың көбісі ұзаққа бармады.
Алыс-жақын туыстарынан хат-хабарсыз қалған әйелдердің өмірден түңілгені соншалықты, «психикасы» бұзылып, өз-өзіне қол жұмсауға дейін барады. Ең сұмдығы – солдаттардың зорлауымен бойына нәресте біткен аналарға да еш аяушылық болмады. Лагер тұтқындары емшектегі баласын арқалап жүріп, шала емізіп жұмыс істеуге мәжбүр. Өйткені, күндік «нормасын» орындамаса, тамақ жоқ. Нәтижесінде, темір тордың арғы жағында дүниеге келген нәрестелердің жартысынан көбісі, аштық пен суықтың құрбаны болды. Сол лагерде туылған балаларды, үш жасқа толған күні-ақ олардың шыбын жанын шырылдатып, анасынан айырып, аты-жөнін өзгертіп, кең байтақ ҚСРО-ның балалар үйіне жіберіп отырды. Талай сәби «коммунизм» жәйлаған кең байтақ елде, із-түссіз ғайып болды. Лагер маңайында орналасқан қазақ ауыл тұрғындары, басына қатер төнерін біле тұра, шынайы жанашырлық білдіріп, барынша қолынан келген көмегін аямады. Өзі жарымай отырған қарапайым қазақ, жапа шеккен «тұтқындарға» соңғы еті мен нанын, құрты мен майын бала-шағасының аузынан жырып беріп, қолынан келгенше көмегін көрсетті. Өйткені, сол кездегі қазақ аштықтың не екенін жақсы білді. Ел басынан күні кеше ғана ауыр қасірет «ашаршылық» өтті.
Түрме басшысы, майор Г. Головановтың қаһарынан қаймықпай тұтқындарға қолынан келгенше көмек көрсете білген жас жігіт, қатардағы жауынгер Әлихан Сейдахметовтің батылдығы Светлананы таңқалдыратын. Ол қақаған қыстың күнінде дүниеге келген перзентті аман алып қалу үшін басын қатерге тігеді. Батылдық, адамгершілік, мейірімділік секілді ұлы қасиеттер телехикаяның мотиві болады.